Түрмеде азапталған Тимур Дәнебаев Атбасардан Көкшетауға ауыстырылды

Адвокаты келген құжатқа қол қоймаған


19/09/2023
14:06 14603 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Белсенді Тимур Дәнебаевты Атбасар изоляторынан Көкшетауға уақытша ауыстырылды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы оның бауыры Марат Дәнебаевқа сілтеме жасап хабарлады. 

 

– Бүгін Көшетаудағы СИ-20 абақтысына ауыстыратынын айтты. Бізге прокурор оны ішкі істер министрлігінің жүйесінен ҰҚК-нің Астанадағы тергеу изоляторына ауыстырылатынын айтқан болатын,  деді Марат Дәнебаев.

 

Тимур Дәнебаевтың адвокаты Жалғас Сапарханованың сөзіне қарағанда, арнайы прокуратура Тимурды Дәнебаевты психологиялық-психиатриялық сараптама жасау кезеңінде Көкшетауға ауыстыруды көздеген. «Уақытша деді, нақты мерзімін айтпады», – дейді адвокат. 

Адвокаттың сөзінше, «Стамбул хаттамасы бойынша азаптау ісі туралы істерде психологиялық-психиатриялық сараптама міндетті түрде жасалуы керек».

Адвокат іс материалын жарияламау жөнінде құжатқа қол қоймағанын айтты. «Құжат электронды түрде келді, бірақ мен оған қол қомадым» деді Жалғас Сапаранова. Бұған дейін Тимур Дәнебаевтың туыстары билік тарапынан қысым жасалып жатқанын, іс материалын жарияламауды талап еткенін мәлімдеген еді. 

Азаттықтың бұл жөніндегі сауалына прокуратура тергеу мүддесіне сілтеп, жауап бермеген. 

Атбасар колониясының қызметкерлері ұрып-соғып жатқан сәт көрінетін видео қыркүйекте әлеуметтік желіге шыққан соң Тимур Дәнебаев уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған. Туыстары мен адвокаты оны Астанаға ауыстыруды талап еткен. 

4 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратурасы Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға күш қолданғаны 3 қыркүйекте әлеуметтік желіге шыққанын хабарлаған. Прокуратура бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша күдікті бар-жоғын, қанша тұтқын жәбірленгенін жазбаған. 

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы 23 желтоқсанда қамауға алынған. Маусым айында сот оны «араздық тудырғаны үшін» үш жарым жылға бостандығынан айырған. Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптаған. Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен үкім күшінде қалған. 

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тимур Дәнебаев «Алматыға 20 мың террорист шабуыл жасады» деген президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қылмыстық жауапқа тартуға шақырған.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/09/2023 14:06
14603 0

Уведомление